Талдықорғанда полицейлер қоғамдық аумақтарды ластау деректерін анықтауды жалғастыруда. Бұл жұмыста құқық бұзушылықтарды тіркеп, оған қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін Полицияның жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары белсенді қолданылады.
Мәселен, бейнекамералар тұрғын үйдің ауласында темекі шегіп, тұқылын жерге тастаған 18 және 20 жастағы екі жігітті тіркеді.
Тексеру нәтижесінде құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция тазалық пен тәртіп әр адамның қоршаған ортаға деген көзқарасына байланысты екенін еске салады. Жерге тасталған кішкентай темекі тұқылының өзі көшені ластап, қаланың көркін бұзады.
Тазалықты сақтап жүрген жандардың еңбегін құрметтеп, ортақ үйімізге қамқорлық танытайық. Талдықорған әрқайсымыздан басталады!









