Алматыда қазақ және қытай суретшілерінің туындылары қойылған халықаралық көрме ашылды

    1 / 5

    Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Жібек жолының шексіз бұлттары. «Бір белдеу, бір жол»: Алматы бекеті» атты халықаралық көрме ашылды. Көрмені музей ұжымы Шанхай өнер коллекциясы музейімен (SACM) бірлесіп ұйымдастырды.

    Халықаралық жоба бұған дейін 2024 жылы Тегеранда, 2025 жылы Ташкентте таныстырылған. Алматы көрмені қабылдаған үшінші қала болды.

    Көрмеге қазақстандық және қытайлық суретшілердің екі елдің мәдени дәстүрлері мен қазіргі бейнелеу өнерінің бағыттарын қамтитын еңбектері қойылды.

    Қазақстандық топтама Әбілхан Қастеев атындағы музей қорында сақталған заманауи суретшілердің туындыларынан жасақталған. Ал Қытай топтамасынан дәстүрлі кескіндеме туындыларын, көне қабырға суреттерінің нақыштарын және заманауи әдістермен орындалған шығармаларды көруге болады.

    Жоба екі елдің мәдени байланысын нығайтуға, музейлер арасындағы әріптестікті дамытуға және өнер мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.

    Көрменің Қазақстанда өтуінің өзіндік мәні де бар. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру бастамасы алғаш рет 2013 жылғы қыркүйекте елімізде көтерілген еді.

    Көрме 2026 жылғы 18 қарашаға дейін жалғасады.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары