Елімізде қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіруге, цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға және азаматтық бастамаларды қолдауға баса мән беріліп отыр.
Осы бағытта қоғамдық кеңес хатшыларының цифрлық сауаттылығын арттыру шаралары қолға алынды. Атап айтқанда, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің 200 хатшысы Kazkenes платформасын (www.kazkenes.kz) пайдалану бойынша онлайн оқудан өтті.
Азаматтық бастамаларды қолдауға да көңіл бөлінген. Шағын гранттар конкурсының қорытындысы бойынша қазір әлеуметтік маңызы бар 10 жоба іске асырылып жатыр. Олар әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, жергілікті инфрақұрылымды жақсартуға, балалардың құқықтарын қорғауға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және білім беру ұйымдарындағы тамақ сапасын бақылауға бағытталған. Жобалардың барысын бағалау үшін жергілікті жерде мониторинг жүргізіліп отыр.
Өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу да жалғасып келеді. Пікір алмасу алаңында еліміздің барлық өңірінен жиналған 20 қоғамдық кеңес төрағасы кеңестердің күнделікті жұмысындағы өзекті мәселелерді талқылады. Олар тәжірибе бөлісіп, азаматтық қоғаммен байланысты жетілдіру жолдарын қарастырды.
Қоғамдық кеңестердің цифрлық инфрақұрылымын дамыту аясында Kazkenes платформасы жаңартылды. Үш жаңа модуль әзірленіп, сынақтан өткізілді. Модульдер қолданысқа енгізілген. Соның бірі – жиынтық мониторинг модулі. Ол өңірлердегі және орталық мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің негізгі жұмыс көрсеткіштерін бір жүйеге жинақтауға мүмкіндік береді. Мұнда отырыстар, ұсынымдар, қоғамдық мониторинг пен көшпелі тексерулер туралы мәліметтер қамтылады.
Платформада іс-шаралардың интерактивті күнтізбесі де іске қосылды. Азаматтар мен БАҚ өкілдері осы күнтізбе арқылы алдағы отырыстар, қоғамдық тыңдаулар және мониторинг шаралары туралы ақпарат ала алады. Бұған қоса Kazkenes Telegram-боты (https://t.me/KazkenesBot) жұмыс істейді.
Аталған шаралар «Қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында жүргізіліп жатыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









