1 / 8
Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Сүткент ауылына жұмыс сапарымен барып, жаңадан салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты.
Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына, нысанның белгіленген талаптарға сәйкестігіне және жұмыстардың уақытылы орындалуына назар аударды. Сонымен қатар, спорт нысанын сапалы аяқтап, тұрғындардың игілігіне ұсыну маңызды екенін атап өтті. Өйткені, ауылға салынған әрбір спорт нысаны – ел болашағына, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесіне салынған инвестиция.
Айта кетейік, Сүткент ауылы «Қазақстан халқына – 2026» жобасы аясындағы байқауда екінші орынға ие болып, 61,7 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау жеңіп алған. Аталған қаражат есебінен баскетбол және волейбол алаңдарын, сондай-ақ тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына арналған воркаут аймағын салу көзделген.
Жаңа спорт кешені ауылдың қоғамдық өміріне серпін беріп, бұқаралық спорттың дамуына тың мүмкіндік ашпақ. Әсіресе, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың бойында тәртіптілік, табандылық, жауапкершілік пен жеңіске деген жігерді қалыптастыруға ықпал етеді. Спорт – тек дене шынықтыру ғана емес, ол адамды төзімділікке тәрбиелеп, ортақ мақсатқа ұмтылуға және салауатты өмір салтын ұстануға баулитын маңызды құрал.
Ауыл спортының дамуы – ұлт саулығының кепілі. Бүгінгі күні жасалған жағдай ертеңгі күні ел намысын қорғайтын спортшылардың қалыптасуына негіз болуы мүмкін. Сондықтан заманауи спорт нысандарын салу, олардың сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Сүткентте бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешені ауыл балаларының арманын қанаттандырып, тұрғындарды ортақ мақсатқа ұйыстыратын, салауатты өмір салтын дәріптейтін маңызды орынға айналады деп күтілуде.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.









