2026 жылғы 29 қазанда Өскемен қаласында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында төрт өзекті мәселе қаралды: облыс кәсіпорындарындағы жалақы бойынша берешектің жай-күйі, Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесінің (ЕШЕБЖ) деректері мен міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) түсуі арасындағы сәйкессіздіктер, өндірістік жарақаттану деңгейі, сондай-ақ қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелері.
Талқыланған мәселелер бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Кизатов, ШҚО Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова, ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Евгений Пивоваров баяндама жасады.
Еңбек заңнамасының сақталуына, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және жұмыскерлерді міндетті сақтандырумен қамтуға ерекше назар аударылды.
Отырыстың негізгі мақсаты – әлеуметтік әріптестікті нығайту және еңбек қатынастары саласында мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдері арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру.









