1 / 10
Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы Ұзын ата ауылдық округінде орналасқан «Дінислам» шаруа қожалығына арнайы барып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен, егіс алқаптарындағы жұмыстардың барысымен танысты.
Сапар барысында аудан басшысы шаруа қожалығының төрағасы Тілеубаев Дінисламмен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту, егістік көлемін тиімді пайдалану, заманауи суару технологияларын енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Қазіргі таңда 650 гектар жерді игеріп отырған шаруашылықта 200 гектарға күріш, 450 гектарға жоңышқа егілген. Жоңышқа алқабында жаңбырлатып суару әдісін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Шаруашылықтың жалпы инвестициялық жобасының құны 721,0 млн теңгені құрап, қаржы толығымен шаруа қожалығының өз қаражаты есебінен жұмсалуда.
Шаруашылықта 30 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылған, оның ішінде 15 адам – тұрақты, 15 адам – уақытша жұмысшы. Сондай-ақ егіс және жинау жұмыстарын жүргізуге арналған 15 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар.
Кездесу барысында аудан әкімі Арман Романұлы ауыл шаруашылығын аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі ретінде атап өтіп, жерді тиімді игеру, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, өндіріс көлемін арттыру және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.
«Елдің берекесі – ең алдымен жердің берекесімен өлшенеді. Жерді тиімді пайдаланып, заманауи технологияны енгізіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отырған шаруалардың еңбегі – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған нақты үлес. Шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың тиімділігін арттырып, әрбір өндірістік жобаның ел игілігіне қызмет етуіне жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі», – деді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.
Аудан басшысы Арман Романұлы шаруашылықтағы еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.









