Медицина мамандарын қолдау -халық денсаулығына салынған инвестиция
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін жаңғыртуға және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылуы - денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызды бағыты. Учаскелік қызмет мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне қарай еңбекақысын арттыру жөніндегі бастама медицина кадрларын қолдауға, олардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әсіресе, 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын арттыруға бағытталған бұл шешімнің маңызы зор. Өйткені, жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік мейіргерлер - халық пен денсаулық сақтау жүйесінің арасындағы негізгі байланыстырушы буын. Олар аурулардың алдын алу, ерте диагностика жүргізу, созылмалы дерттері бар пациенттерді бақылау және тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады.
Еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төлеу тәжірибелі мамандардың еңбегін бағалауға, олардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және кәсіби біліктілігін арттыруға ынталандырады. Сонымен қатар бұл бастама ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге, мамандардың тұрақтауына және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға оң ықпал етеді.
Жамбыл облысында да алғашқы медициналық-санитариялық көмек сапасын арттыру, медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуетін нығайту және тұрғындарға көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету - басым міндеттердің бірі. Себебі, сапалы медициналық көмектің негізі тек заманауи инфрақұрылым мен құрал-жабдықта ғана емес, ең алдымен, білікті әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандарда.
Мемлекет басшысының бұл бастамасы – медицина қызметкерлерінің еңбегін лайықты бағалауға, алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесінің әлеуетін арттыруға және халық денсаулығын қорғау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды шешім.
Медицина мамандарына көрсетілетін қолдау - саланың тұрақты дамуының, кадрлық әлеуеттің нығаюының және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырудың берік негізі. Біз осы бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы әрбір тұрғынға сапалы медициналық көмек көрсетіп, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге күш саламыз. Өйткені, медицина қызметкеріне жасалған қамқорлық - адам өміріне, халық денсаулығына және елдің жарқын болашағына жасалған инвестиция.
Сержан Назарбек, Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы.









