Мемлекеттік еңбек инспекторы Н. Досмаханов Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жамбыл облысы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыс аумағында қызмет атқарып жатқан кәсіпорындардың тәлімгер мамандары мен кәсіптік білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің негізгі талаптары, еңбек қатынастарын заңнамаға сәйкес рәсімдеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек заңнамасында көзделген құқықтары мен міндеттері, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек тәртібін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, еңбек заңнамасын дұрыс қолдану бойынша тиісті түсініктемелер ұсынылды.
Мұндай түсіндіру жұмыстары еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, еңбек мәдениетін қалыптастыруға және өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.









