Өскемендегі жолайрық кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі

    1 / 5

    Өскеменде Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жаңа жолайрық қаланың көлік қозғалысы ең тығыз учаскелерінің біріндегі жүктемені азайтуы тиіс. Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев нысанның көлік қозғалысын қабылдауға дайындығын бағалады.

    Жолайрық арқылы қозғалысты кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр. Келесі аптада Сәтбаев даңғылының бойындағы жоғарғы жол өткелімен көлік қозғалысын іске қосу көзделген. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл үшін Еуропадан қосымша материалдар жеткізілуі керек. Қажетті материалдар алдағы күндері келеді деп күтілуде. Одан кейін құрылыс жұмыстары Есенберлин даңғылы бағытында жалғасады.

    Қозғалысты ішінара ашудағы басты талап - қауіпсіздік. Құрылыс жұмыстары қолданыстағы көлік қозғалысына кедергі келтірмей жүргізілуі керек. Сондықтан автокөліктердің өтуі жүргізушілерге қолайсыздық тудырмайтындай әрі қауіпсіздікке қатер келтірмейтіндей ұйымдастырылуы қажет.

    Нысанды аралау барысында Нұрлыбек Нәлібаев қалған учаскелерді сәуір айының соңында асфальт төсеуге дайындау маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар құрылыс мерзімдерінің сақталуы және жұмыс сапасы қатаң бақылауда болуы тиіс екенін айтты.

    Жобаны қаржыландыру мәселесіне де назар аударылды. Құрылыстың жалпы құны - 36 млрд теңге. Оның 16 млрд теңгесі биыл Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен бөлінді. Құрылысты бекітілген бюджет шеңберінде аяқтау тапсырылды.

    Жолайрық толық пайдалануға берілгеннен кейін көлік ағыны екі деңгей бойынша бөлінеді. Жоғарғы деңгейде Сәтбаев даңғылы бойымен бағдаршамға тоқтамай жүруге мүмкіндік туады. Ал төменгі деңгейдегі айналма жол бес бағытты өзара байланыстырады. Жоба аясында Жібек жолы көшесін алты жолаққа дейін кеңейту және Есенберлин даңғылы жағынан қосымша кіреберіс салу да қарастырылған.

    Есеп бойынша, жолайрықтың өткізу қабілеті тәулігіне 85 мың автокөліктен 200 мыңнан астам көлікке дейін артады. Бұл облыс орталығында көлік кептелісін азайтып, қаланың әр ауданындағы қозғалыс байланысын жақсартуға және тұрғындардың жолға жұмсайтын уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары