Өскеменде 250 зияткер оқушы ұлттық өнерді ұлықтаған флешмоб өткізді

    1 / 3

    Республика күніне орай Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 250 оқушысы қала орталығында ұлттық өнерді дәріптеген ерекше флешмоб ұйымдастырды.

    «Maxi Mall» сауда орталығында өткен «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар флешмобы қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлап, қазақтың дәстүрлі музыка өнерін кеңінен насихаттауға бағытталды.

    Бір мезетте 250 жас домбырашы қолдарына қасиетті қара домбыраны алып, күмбірлеген күйге қосылды. Флешмоб барысында «Тепеңкөк», «Серпін», «Жастар биі» күйлері орындалып, оқушылар өздерінің музыкалық шеберліктерін паш етті. Сонымен қатар «Ұрпақ үні» әні шырқалып, ұлттық өнер мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастық айқын көрініс тапты.

    Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының бай музыкалық мұрасын насихаттау, жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру және Республика күніне орай қала тұрғындарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлау.

    Домбыраның қоңыр үні сауда орталығын әсем әуенге бөлеп, жиналған көпшіліктің назарын аударды. Флешмоб барысында орындалған әрбір күй туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге деген мақтаныш сезімін жеткізді.

    «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобы – ұлттық өнерді қазіргі заман жастарының орындауында жаңғыртып, елдік құндылықтарды дәріптеген жарқын мәдени бастама болды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары