Өскемен қаласындағы Амфитеатр алаңында Республика күніне орай Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтерілді. Аймақ басшысы өз сөзінде Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, егемендікті сақтау, мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу барша азаматқа ортақ міндет екенін атап өтті.
«1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздікке бастар тарихи жолы айқындалды. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық азаттық жолындағы күресінің, ата-бабаларымыздың асыл арманының заңды жалғасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін бақ» деп, оның баға жетпес құндылық екенін атап өткен. Тәуелсіздігімізді сақтау, мемлекеттілігімізді нығайту және осы асыл мұраны келер ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ қасиетті міндет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ аймақ басшысы Мемлекеттік Тудың тәуелсіздік пен бірліктің, ұлттық мақтаныштың символы екенін атап өтті. Оның айтуынша, көк байрақты қастерлеп, әрдайым биік ұстау – әр азаматтың Отан алдындағы перзенттік парызы.
Ресми рәсімнен кейін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Өнерпаздар ән шырқап, би билеп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









