Өскемен СЭС-ін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр

    1 / 10

    ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен су электр станциясына барды. Соның барысында станцияның өндірістік қуаты, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі және негізгі жабдықтарды жаңғырту бағытындағы жұмыстардың барысы қаралды.

    Өскемен СЭС-і - Ертіс өзеніндегі су электр станциялары каскадының маңызды бөлігі. Орнатылған қуаты 367,8 МВт болатын станция Бұқтырма СЭС-інен кейінгі екінші сатыны құрайды. Сонымен қатар ол Бұқтырма су электр станциясының жұмысын реттеуге қатысады. Ертіс каскадына Шүлбі СЭС-і де кіреді.

    Станцияның негізгі міндеттерінің бірі - электр энергиясын өндірумен қатар, гидротехникалық құрылыстардың сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету. Осыған байланысты нысанда жабдықтарды жаңғырту, жоспарлы жөндеу және техникалық жағдайын бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

    Станцияда 2009 жылдан бері ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылып келе жатыр. Соның нәтижесінде №1, №2 және №3 гидроагрегаттардың қуаты 82,8 МВт-тан 95 МВт-қа дейін ұлғайтылды. Станцияның жалпы орнатылған қуаты да 331,2 МВт-тан 367,8 МВт-қа дейін өсті.

    Қазір №4 гидроагрегатты күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2024-2027 жылдарға жоспарланған жобаның құны - қосылған құн салығын есептемегенде 15 млрд теңге. Жоба аясында гидротурбинаның жұмыс дөңгелегін, бағыттаушы аппараттың қалақшаларын және гидрогенераторды ауыстыру, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды жөндеу көзделген.

    Жұмыстар аяқталғаннан кейін №4 гидроагрегаттың қуаты 82,8 МВт-тан 95 МВт-қа дейін артады. Нәтижесінде станцияның жалпы орнатылған қуаты 380 МВт-қа жетіп, жылдық электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 17 млн кВт•сағ-қа ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар электр энергиясын өндіруге жұмсалатын су шығынын азайту жоспарланған.

    2009-2026 жылдар аралығында станцияға салынған инвестициялардың жалпы көлемі, 2026 жылдың соңына дейінгі болжамды қоса алғанда, қосылған құн салығын есептемегенде 43,46 млрд теңгеге жетеді.

    Өндірістік қауіпсіздік мәселесі де ерекше назарда. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша станция қызметкерлері 6 142 күн бойы өндірісте жазатайым оқиғаларға жол бермей жұмыс істеген. Ал мердігер ұйымдардың қызметкерлері үшін бұл көрсеткіш 10 591 күнді құрайды.

    Өскемен СЭС-ін жаңғырту жұмыстары станцияның өндірістік әлеуетін арттыруға, электр энергиясын өндіру тиімділігін жақсартуға және өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары