ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ПЕДАГОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЛАРДЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

    1 / 9

    2026 жылғы 29 қазанда Өскемен қаласындағы Абай атындағы Шығыс Қазақстан жоғары педагогикалық колледжінде Асқар Ислямов атындағы «Үздік педагогикалық эссе» IV республикалық байқауы мен Құмаш Нұрғалиев атындағы «Smart-ұстаз» I республикалық инновациялық байқауының ашылу салтанаты өтті.

    Республикалық деңгейдегі іс-шараға Алматы қаласынан және Ақтөбе, Алматы, Ақмола, Атырау, Павлодар, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген педагогтер қатысуда.

    Байқаулардың негізгі мақсаты — колледж оқытушыларының кәсіби құзыреттілігін дамыту, озық педагогикалық тәжірибені жинақтау және тарату, көрнекті ұстаздар Асқар Ислямов пен Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық мұрасын насихаттау, сондай-ақ педагог мамандығының қоғамдық маңызы мен мәртебесін арттыру.

    Төртінші рет ұйымдастырылып отырған «Үздік педагогикалық эссе» республикалық байқауы педагогтердің білім беру саласындағы өзекті мәселелерге қатысты кәсіби көзқарастарын, авторлық ұстанымдары мен педагогикалық тәжірибелерін шығармашылық тұрғыда ұсынуына бағытталған.

    Ал Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен алғаш рет өткізіліп отырған «Smart-ұстаз» республикалық инновациялық байқауы педагогтердің инновациялық әлеуетін дамытуға, шығармашылық бастамаларын қолдауға және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.

    Байқау бағдарламасы үш турды қамтиды. Атап айтқанда, «IT-шешім: бағдарламалау арқылы білім беру» кезеңінде қатысушылар өз жобаларын қорғайды, «EdTech-экспромт: тақырыптық интеграция» кезеңінде практикалық тапсырмаларды орындайды, ал «Инновациялық әдістемелік шеберхана: ЖИ және EdTech құралдары» кезеңінде шеберлік сабақтарын өткізеді.

    Аталған байқаулар педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, инновациялық әдістерді тәжірибеге енгізуіне және білім беру сапасын арттыруға бағытталған тиімді кәсіби алаң болып табылады.

    Республикалық байқаулар 29–30 қазан күндері жалғасады. Қорытындысы бойынша қатысушылардың жұмыстары бағаланып, үздіктер анықталады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "«Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары