Тармақталған төлем инфрақұрылымы: ҚМА заңсыз интернет-казиноларға қызмет көрсету схемасының жолын кесті

    Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз интернет-казинолардың жұмыс істеуіне жағдай жасаған бір топ адамға қатысты тергеуді аяқтады.

    Іс материалдарына сәйкес, заңсыз қызмет «Nomadgames», «Sultangames» интернет-сайттары мен олардың көшірме сайттары арқылы жүргізілген.

    Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS және интернет-терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдары қамтылған көпсатылы төлем жүйесі пайдаланылған.

    Бұл іске банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар төлем инфрақұрылымына қосуды, міндетті тексеру жүргізбестен шарттар жасасуды және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруді қамтамасыз еткен.

    Ақша операцияларының шын мәніндегі мақсатын жасыру үшін олар заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет аясында жүргізілгендей көрсетілген.

    Осылайша электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналымға түскен.

    Қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру үшін қылмыстық топтың бақылауындағы ЖШС пайдаланылған. Жалған шарт негізінде серіктестіктің шоттарына 10 млрд теңге аударылған.

    Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген.

    Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды.

    Соттың санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын криптоактивтер мен банк шоттарындағы ақшаға тыйым салынды.

    Екі күдікті қамауға алынды, тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған екі күдіктіден ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынды.

    Қылмыстық іс сотқа жолданды.

    ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

    ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі" жаңалықтары