Кенді заңсыз өндіру: бүлінген жерді қалпына келтіруге жарты миллиард теңгеге жуық қаржы қажет

    Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында темір мен марганец кенін заңсыз өндіруді тоқтатты. Бұл жұмысты «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС директоры ұйымдастырған.

    Кен өндіру жұмыстары жер қойнауын пайдалануға тиісті құқықсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Кен орындарын игеруге жалдамалы жұмысшылар мен экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және самосвалдар сияқты арнайы техникалар тартылған.

    Өндірілген кен ұсатылып, кейін сыртқа шығару және сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған.

    Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталды.

    Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.

    Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет.

    Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды.

    Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

    Тергеу жалғасып жатыр.

    ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

    ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі" жаңалықтары