Бұқар жырау ауданындағы үш ауылда көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Үміткер, Бұқар жырау және Новоузенка ауылдарында 108 жаңа жарық бағаны орнатылды. Сонымен қатар Новоузенкада тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару мәселесі де шешімін тапты.

Үміткер ауылында Абай, Амангелді және Ақ Бұлақ көшелеріне жарық тартылды. Ал Бұқар жырау ауылындағы Әшім Жапаров пен Желтоқсан көшелері жарықтандырылды.

Новоузенкада қолданыстағы көше жарығы жүйесі жаңғыртылды. Атасу және Новоузенка көшелеріндегі тозығы жеткен бағандар жаңасына ауыстырылып, заманауи шамдар орнатылды.

Көшелердің жарықтандырылуы қараңғы уақытта жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, Новоузенка тұрғындары ауылдың санитарлық жағдайына қатысты мәселе көтерген болатын. Қазір тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесі жолға қойылды. Ауылдық округ әкімдігі үй иелеріне сыйымдылығы 0,7 текше метр болатын 100 контейнер берген. Ауыл тұрғындарының кейбірі қоқыс жинайтын ыдыстарды өз қаражатына сатып алған.

Қазіргі уақытта тұрмыстық қалдықтарды жеке кәсіпкер тұрақты түрде шығарып отырады. Бұл ауыл тазалығын сақтауға және қоқыстың ретсіз үйілуіне жол бермеуге септігін тигізеді.
Бұқар жырау ауданы әкімдігінің мәліметінше








