Қарағанды облысында құбыр және электр желілері құрылғыларын шығаратын екі жаңа зауыт салынады

    Қарағанды облысында жалпы құны 25 млрд теңгеден асатын екі жаңа зауыт салу жоспарланып отыр. Шымкентте өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) халықаралық инвестициялық форумында қытайлық серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Жаңа кәсіпорындарда жоғары кернеулі сымдар, электр беру желілеріне арналған жабдықтар мен құбыр өнімдері шығарылмақ.

    Қарағанды облысында құбыр және электр желілері құрылғыларын шығаратын екі жаңа зауыт салынады

    Жобаларды сүйемелдеуге өңір тарапынан Qaragandy Invest инвестицияларды дамыту орталығы жауапты болады.

    Жаңа өнімдер энергетика саласы мен коммуналдық инфрақұрылымда сұранысқа ие болмақ. Кәсіпорындардың іске қосылуы өнеркәсіп өнімдерінің түр-түрін көбейтіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

    Қарағанды облысында құбыр және электр желілері құрылғыларын шығаратын екі жаңа зауыт салынады

    Жобалардың бірі «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады.

    — Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымды дамытуда әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Сондықтан Қарағанды облысында жоғары кернеулі сымдар мен электр беру желілеріне арналған жабдықтар шығаратын заманауи өндіріс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Өнімдеріміз ішкі нарықта ғана емес, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие болады деп сенеміз, — деді «Energy Solutions Company» ЖШС директоры Олег Кытманов.

    Екінші жоба құбыр өнеркәсібін дамытуға бағытталған.

    — Жобамыз озық өндірістік технологиялар мен халықаралық тәжірибені қолдана отырып, заманауи құбыр өндіру кешенін құруды көздейді. Қарағанды облысында мұндай өндірісті іске асыруға қажетті өнеркәсіптік әлеует бар. Біз отандық құбыр өнеркәсібінің дамуына өз үлесімізді қосамыз деп сенеміз, - деді «QAZ-HUANENG PIPE SYSTEMS» ЖШС басқарушы директоры Асқар Кенжеханов.

    Қарағанды облысында құбыр және электр желілері құрылғыларын шығаратын екі жаңа зауыт салынады

    «Qaragandy Invest» инвестицияларды дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шахназар Әубәкіровтің айтуынша, өңір инвесторларға жобаларды жүзеге асырудың әр кезеңінде қолдау көрсетуге дайын.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары