Қарағандыдағы DAT тәуелсіз қазақ театры Родион Белецкийдің «Айтылмай келкен әңгіме» пьесасы негізінде қойылған спектаклін көрерменге ұсынады. «Айтылмай кеткен әңгіме» қойылымының премьерасы 30, 31 қазан және 1 қараша күндері өтеді.

Қойылымды театр қайраткері, DAT театрының негізін қалаушы әрі жетекшісі Дунай Еспаев сахналаған.

Рөлдерді кәсіби актерлік білімі жоқ өнерпаздар орындайды.
«Айтылмай кеткен әңгіме» — достықтың қадірі, жауапкершілік пен кешіре білудің маңызы туралы психологиялық драма. Қойылымда өткен күндер қайта жаңғырып, естеліктер сахнадағы тірі әрекетке айналады. Екі достың қарапайым әңгімесі көрерменді өз жан дүниесіне үңіліп, өмірі туралы ойлануға жетелейді.

Спектакльдің сюжеті екі достың қарым-қатынасына құрылған. Басты кейіпкер жақын досының жүрек талмасынан қайтыс болғанын естиді. Содан кейін онымен ойша сырласып, жастық шағын, бірге өткізген күндерін, пікірталастары мен әзілдерін еске алады. Бұл — досының көзі тірісінде айта алмай қалған сөздерін енді, тым кеш болса да, жеткізуге жасаған талпынысы.
Спектакль 30, 31 қазан және 1 қараша күндері күніне екі рет — сағат 16:00-де және 19:00-де көрсетіледі.
DAT театры Мұқанов көшесі, 21/3 мекенжайында, Naizatas тұрғын үй кешенінде орналасқан.








