Шахтинскіде сегіз жас кәсіпкер өз кәсібін ашуға және дамытуға 2 миллион теңгеден грант алды.

Қаражатқа олар спорт секцияларын ашып, балаларды дамыту орталықтарының жұмысын кеңейтуді, құс етін өндіруді жолға қоюды және көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыруды жоспарлап отыр.

Байқау жеңімпаздарына гранттарды Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков табыстады. Жас кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыруға, жұмыс орындарын ашуға және қала экономикасын дамытуға мүмкіндік береді.

Мәселен, Александр Приймак қалада бройлер өсіріп, құс етін өндіретін шағын кешен ашуды көздеп отыр. Грант қаражатына қажетті жабдықтар, жем және ветеринариялық препараттар сатып алмақ.
— Жобаны жүзеге асыру тұрғындарды балғын құс етімен қамтамасыз етуге және екі-үш жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта құс өсіруден бастап, оны сою мен дайын өнімді қаптауға дейінгі өндірістің толық циклін ұйымдастырғым келеді, - дейді жас кәсіпкер.
Тағы бір жоба көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерін жөндеуге арналған. Нұргүл Төлек осындай қызмет көрсетуді қолға алмақ. Грант қаражатына кәсіби жабдықтар мен қажетті құрал-саймандар сатып алады.

— Қабырғалар мен төбелерді жаңартып, еден жабындарын, есіктер мен жарықтандыру жүйелерін жөндеуді, сондай-ақ тұрғындарға ортақ пайдаланылатын орындарды абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Үйлеріміздің кіреберістері таза, ұқыпты әрі тұрғындарға жайлы болса дейміз, - дейді Нұргүл Төлек.

Қолдау тапқан өзге жобалардың қатарында бокс залы мен карате клубын ашу, логопед кабинетін кеңейту және оңалту орталығын дамыту бастамалары бар.
Шахтинск қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпарат бойынша









