«Игі істер автобусы» жобасы аясында Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледжінің болашақ шаштараз-стилистері № 4 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне тегін шаштараз қызметін көрсетті.
Балалар үшін бұл кездесу қуаныш пен күлкіге толы ерекше мерекеге айналды. Олар болашақ мамандардың жұмысын қызығушылықпен бақылап, жаңа бейнелеріне сүйсіне қуанды. Жылы қарым-қатынас пен ерекше көңіл бөлу балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Колледж студенттері үшін бұл акция кәсіби дағдыларын шыңдап, алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді. Ең бастысы, болашақ мамандар өз шеберліктері арқылы адамның сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, оған қуаныш сыйлап, көңілін көтеруге болатынын түсінді.
Айта кету керек, аймақ колледждерінің қызметкерлері мен студенттері «Игі істер автобусы» акциясы аясында тұрақты түрде жалғыз басты қарт адамдарға бақша өнімдерін жинауға, ауланы қардан тазарту, үй жанындағы учаскелерді жинастыруға көмек көрсетеді.









