Аршалы ауданында 90 орындық жаңа балабақша ашылды

    1 / 7

    Республика күні қарсаңында Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында бүлдіршіндер үшін тағы бір маңызды нысан өз есігін айқара ашты. Ауылда 90 орынға арналған «Бақыт мекені» бөбекжай-балабақшасының ашылу салтанаты өтті.

    Салтанатты шараға Аршалы ауданының әкімі, аудандық білім бөлімінің басшылығы, педагогтер, ата-аналар және ауыл тұрғындары қатысты.

    Жаңа мектепке дейінгі ұйымның ашылуы – ауылдағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамтуды арттыруға, сондай-ақ бүлдіршіндер үшін заманауи әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

    Іс-шара барысында қонақтарға балабақшаның материалдық-техникалық базасы таныстырылып, балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім мен тәрбие алуына қажетті жағдайлар көрсетілді. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

    Аршалы ауданының білім бөлімі басшысы Жомарт Қайрмеденовтің айтуынша, «Бақыт мекені» мектепке дейінгі ұйымының пайдалануға берілуі – балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсіп-жетілуіне жасалған маңызды мүмкіндік. Жаңа балабақша ауыл бүлдіршіндерінің қуанышты мекеніне айналып, әр баланың қабілетін ашуға және жан-жақты дамуына жол ашатынына сенімім мол.

    Жаңа нысанның ашылуы ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, жас отбасыларға қолдау көрсетіп, балалар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға өз үлесін қосады.

    «Бақыт мекені» бөбекжай-балабақшасының ұжымына шығармашылық ізденіс пен толағай табыс, ал бүлдіршіндерге бақытты балалық шақ, шат күлкі мен жарқын болашақ тілейміз!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының білім басқармасы" жаңалықтары