Жамбыл облысындағы №9 Меркі колледжінде ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған «Агролига–2026» халықаралық байқауы өтті. Байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 17 қатысушы қатысып, ауыл шаруашылығы техникасын басқару мен пайдалану бойынша өз шеберліктерін көрсетті.
Ақмола облысының намысын Көпсалалы инновациялық колледждің 2-курс студенті Анатолий Елинский қорғады. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім алып жүрген студент үшін бұл жарыс кәсіби әлеуетін танытып, алған білімін тәжірибеде дәлелдеуге мүмкіндік берді.
Байқау бағдарламасы қатысушылардың жан-жақты кәсіби даярлығын бағалауға бағытталды. Олар теориялық тапсырмалармен қатар, комбайнмен жұмыс істеу, пресс-жинағышты дайындау, трактор қозғалтқышын реттеу, тракторды басқару және жер жырту сияқты практикалық кезеңдерден өтті. Әр тапсырма қатысушылардың техникалық дағдыларын, жұмыс дәлдігін және жауапкершілігін бағалауға мүмкіндік берді.
Халықаралық байқаудың қорытындысы бойынша Анатолий Елинский жоғары нәтиже көрсетіп, Бас жүлдені иеленді. Студентті байқауға дайындаған өндірістік оқыту шебері – Аслан Жанболатұлы Мусипов.
«"Агролига–2026“ байқауына қатысу мен үшін құнды кәсіби тәжірибе және білімімді тәжірибе жүзінде сынауға мүмкіндік болды. Мен жаңа дағдыларды меңгеріп, көптеген пайдалы мәлімет алдым, сондай-ақ өз мамандығым бойынша әрі қарай дамуға деген ынтам арта түсті. Байқауға дайындық барысында қолдау көрсетіп, көмектескен тәлімгеріме ерекше алғысымды білдіремін», — деп атап өтті Анатолий Елинский.
Құттықтаймыз және алдағы кәсіби жолына сәттілік тілейміз!









