Ақмола облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кәсіпорындармен байланысты нығайтып, білім алушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беріп келеді.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Ақмола облысы білім басқармасына қарасты «Есіл қаласының агротехникалық колледжі» МКҚК мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ- «Қостанай магистральдық желі бөлімшесі» арасында теміржол көлігі саласына кадрлар даярлау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы.
Меморандумның басты мақсаты — теміржол саласы үшін білікті кадрлар даярлау мақсатында күш біріктіру және колледжде «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын ашуға жәрдемдесу.
Колледж директоры Мейірбек Мұқатаевтың айтуынша, ынтымақтастық аясында теміржол саласының заманауи талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламасын бірлесіп әзірлеу, оқу үдерісіне тәжірибелі мамандарды тарту және колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту көзделген.
Колледж бен теміржол кәсіпорны арасындағы бұл әріптестік өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Білім беру ұйымы мен жұмыс берушінің өзара іс-қимылы оқу үдерісін өндіріс талаптарымен ұштастырып, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға негіз болады.









