Ақмола облысының педагогі Дәуіт Сұраған жасанды интеллект саласындағы тың бастамасымен отандық білім мен ғылымның дамуына үлес қосып келеді. Целиноград ауданының Қараөткел ауылындағы IT мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Назарбаев Университетінің ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) командасымен бірлесіп, «DybysDub» жобасын әзірлеуде.
Жобаның басты мақсаты – шетелдік сапалы ғылыми-танымдық контентті қазақ тілінде қолжетімді етіп, оны еліміздегі студенттер мен ғалымдардың ана тілінде еркін меңгеруіне мүмкіндік жасау. Бұл бастама білім мен ғылымдағы тілдік кедергілерді азайтып, қазақ тіліндегі заманауи цифрлық шешімдердің дамуына жол ашуға бағытталған.
«Соңғы үш жылда IT мен жасанды интеллектті ұштастыра отырып, түрлі жобаларды жүзеге асырып, конкурстарға қатысып келемін. Атап айтқанда, өзім әзірлеген «Dake Teach» жобасы республикалық «Edu AI» хакатонының алғашқы іріктеу кезеңінде жеңіске жетуіме және осы байқау аясында Оңтүстік Кореяға жолдама ұтып алуыма негіз болды. Менің басты мақсатым – қазақ тіліндегі жасанды интеллект шешімдерін дамытып, еліміздің зияткерлік әлеуетін халықаралық деңгейге көтеруге үлес қосу», – дейді Дәуіт Сұраған.
Жас педагогтің бастамалары білім беру саласындағы инновацияларды дамытуға, ұлттық тілдің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндіктерін кеңейтуге және ғылыми ақпараттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.








