1 / 7
Аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің төрағалығымен ауданның электр энергетикасы саласындағы өзекті мәселелер мен 2026–2027 жылдардағы су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Мәжілісте аудандағы электрмен жабдықтау жүйесінің қазіргі жағдайы, электр желілерінің тозу деңгейі және оларды жаңғырту бағытындағы жұмыстар туралы баяндалды. Қазіргі таңда аудандағы 50 елді мекеннің 49-ы электр энергиясымен қамтылған. Сонымен қатар аудан аумағындағы электр желілерінің бір бөлігінің тозу деңгейі жоғары болғандықтан, оларды кезең-кезеңімен жаңарту қажеттілігі атап өтілді.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында әуе желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініштері негізінде өздігінен электр желілерін тартқан елді мекендердегі тұрғын үйлерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бағытында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, құрылыс жұмыстары атқарылуда.
Атап айтқанда, 2025–2026 жылдары төрт нысанға қаржы бөлініп, нәтижесінде 13 елді мекендегі 490 тұрғын үй сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Қалған нысандар бойынша қаржыландыру мәселесін шешу қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ аудан аумағындағы көше жарығымен қамту деңгейі қаралды. Қазіргі таңда жалпы 290 көшенің 148-інде көше жарығы орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қолайлы жағдай жасау қажеттігіне назар аударылды.
Аппараттық мәжілістің екінші мәселесі бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Абдіғаппар Токтиев көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, аудан аумағындағы су қоймаларының жай-күйі, өзен арналары мен каналдарды тазалау, су өткізу құрылыстарын нығайту және елді мекендерді ықтимал су басу қаупінен қорғау мәселелері қамтылды.
Атап айтқанда, Шаян, Жоғарғы Боралдай, Ақбастау, Қаратас және Шақпақ елді мекендеріндегі арықтар мен каналдарды тазалау, су өткізгіш құбырлар мен көпірлердің жағдайын жақсарту, жағалаулар мен гидротехникалық құрылыстарды нығайту қажеттігі айтылды.
Ағымдағы жылы нөсер жауын салдарынан Ақбастау, Боралдай, Тұрақты және Қаратас ауылдарында таудан аққан лай су елді мекендерге жетіп, көшелер мен аулаларды су басу қаупі туындаған болатын. Осыған байланысты қауіпті учаскелерде алдын алу жұмыстарын күшейту және су ағындарын қауіпсіз бағытқа бұру мәселесі ерекше назарға алынды.
Аудан әкімі жауапты бөлімдер мен мекемелерге электр желілерін жаңғырту, көше жарығын орнату жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды, сондай-ақ су тасқыны қаупі бар аумақтарды мұқият зерделеп, каналдар мен арықтарды тазалау, көпірлер мен су өткізу нысандарын нығайту жұмыстарын уақтылы жүргізуді тапсырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі









