Қостанайда болашақ Жекпе-жек сарайының алғашқы тасын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға Қостанай облысының әкімі, спорт ардагерлері мен жас спортшылар қатысты. Салтанатты рәсім барысында өңір басшысына жобаның жүзеге асырылу барысы баяндалды.
Қайырбеков пен Текстильщик көшелерінің қиылысында салынып жатқан жаңа спорт кешені қаланың спорт инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың біріне айналады. Бұл — Қостанай облысында осындай үлгіде жүзеге асырылып жатқан алғашқы жоба.
Жалпы ауданы 5,6 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимаратта екі күрес залы, жаттығу залы, спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, сондай-ақ мың көрерменге арналған трибунасы бар әмбебап спорт залы орналасады.
Кешенде жекпе-жек спорт түрлерімен қатар спорттық бал биімен айналысуға да жағдай жасалады. Сонымен бірге мұнда түрлі деңгейдегі жарыстарды, соның ішінде халықаралық турнирлерді өткізуге мүмкіндік болады.
Спорт инфрақұрылымын дамыту — тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, жас таланттарды қолдауға және қаланың болашағына бағытталған маңызды қадам. Заманауи спорт кешені Қостанай спортшыларының кәсіби шеберлігін шыңдап, жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашады.









