Қазақстанда Republic Day және Bereke Fest акциялары аяқталды: қорытындысы қандай?

    Қазақстанда Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары аяқталды. 17–27 қазан аралығында өткен жеңілдіктер науқаны еліміздің барлық өңірін қамтыды. Оған сауда орталықтары, сауда желілері мен ірі маркетплейстер қатысты.

    Акцияларды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырды.

    Екі акцияға барлығы 649 сауда нысаны қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-дан да көп. Атап айтқанда, Republic Day аясында 232 сауда орталығы мен сауда үйі, ал Bereke Fest аясында сауда желілерінің 417 дүкені жеңілдіктер ұсынды.

    Науқан барысында азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық химия, техника және үйге қажетті тауарлардың жекелеген түрлеріне 70%-ға дейін жеңілдіктер жасалды.

    Акция қорытындысы бойынша бірқатар өңірде тауар сатылымы артқан. Мәселен, Шымкентте киім сатылымы 18%-ға, аяқ киім 16%-ға, балалар тағамы 30%-ға, ал балалар жөргегі 25%-ға өсті. Қарағанды облысында кір жууға арналған гельдердің сатылымы 20%-ға, сұйық сабынның сатылымы 18%-ға артты.

    Сондай-ақ мерекелік жеңілдіктерге Kaspi .kz, Halyk Market, Forte Market, Technodom, Mechta, Wildberries және Ozon маркетплейстері де қосылды. Онлайн сауда алаңдарында тауарларға 50%-ға дейін жеңілдіктер мен қосымша бонустар ұсынылды.

    Өңірлердің мәліметінше, науқан басталғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда акциялар аясында сауда орындарына келушілер саны мен қатысушы кәсіпорындардың тауар айналымы артқан.

    Republic Day және Bereke Fest акциялары тұрғындарға қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп, тұтынушылардың белсенділігін арттыруға және ішкі сауданың дамуына ықпал етті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі" жаңалықтары