Астанада «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында MEGAPOLIS сауда орталығы ашылды. Мұнда құрылыс материалдары, үй жөндеуге және тұрмысқа қажетті тауарлар сатылады. Жобаның мақсаты - шағын және орта бизнесті қолдау, сауда орындарын жаңарту және тұтынушылардың сауда жасауына жағдай жасау.
Төрт қабатты сауда орталығының жалпы ауданы 20 мың шаршы метр. Мұнда ауданы 36-дан 120 шаршы метрге дейінгі 231 сауда орны бар. Қазіргі уақытта олардың 85%-дан астамы жұмыс істеп тұр. Орталықта 160-тан астам кәсіпкер өз тауарларын сатуда.
Сауда орталығында кәсіпкерлер мен сатып алушылар үшін қажетті жағдайлар жасалған. Ғимаратта жолаушылар мен жүк лифтілері, эскалаторлар және желдету жүйелері орнатылған. Сондай-ақ тәулік бойы күзет пен бейнебақылау жұмыс істейді. Тауарларды тиеп-түсіруге арналған арнайы орындар қарастырылған.
Орталықта тауарларды сақтауға арналған қоймалар да бар. Олардың жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді құрайды. Болашақта қойма аумағын 15-17 мың шаршы метрге дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 80 қойма контейнері орналастырылған.
MEGAPOLIS сауда орталығы Күмісбеков және Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысына жақын орналасқан. Оған елорданың оң және сол жағалауынан да келу қолайлы
Жаңа сауда орталығының ашылуы кәсіпкерлерге өз кәсібін дамытуға, ал тұрғындарға құрылыс және тұрмыстық тауарларды бір жерден сатып алуға мүмкіндік береді.








