Ақтөбеде балалар денсаулығын қорғау бағытында мамандардың біліктілігі арттырылды

    Ақтөбеде балалар денсаулығын қорғау бағытында мамандардың біліктілігі арттырылды

    2026 жылғы 19–23 қазан аралығында Ақтөбе қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) «Балалар денсаулығы үшін салауатты қоршаған орта» бірлескен жобасы аясында атмосфералық және үй-жайлар ауасының ластану мәселелеріне арналған қысқа мерзімді біліктілікті арттыру циклы өткізілді.
    Оқыту «Атмосфералық ауаның және үй-жайлар ауасының ластануы: деректерді жинау және талдау, балалар денсаулығына төнетін тәуекелдерді бағалау» тақырыбына арналды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен оның «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы мамандарының қатысуымен ұйымдастырылды.
    Оқыту циклының негізгі мақсаты – қоршаған орта факторларының адам денсаулығына әсерін бағалау бойынша мамандардың кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіру, атап айтқанда, атмосфералық және үй-жайлар ауасының ластануына байланысты балалар денсаулығына төнетін ықтимал тәуекелдерді анықтау және бағалау әдістерін меңгерту.
    Оқыту барысында қатысушылар ауа сапасына қатысты деректерді жинау және талдау, қоршаған орта факторларының адам денсаулығына әсерін бағалау, сондай-ақ балалар денсаулығына төнетін тәуекелдерді анықтау және бағалау бойынша білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдірді.
    Біліктілікті арттыру циклына офлайн және онлайн форматтарында Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің мониторинг, талдау және тәуекелдерді бағалау, коммуналдық объектілерді бақылау, білім беру және тәрбие объектілерін бақылау бөлімдерінің мамандары, сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығы филиалдарының санитариялық-гигиеналық, оның ішінде химиялық зертханаларының қызметкерлері қатысты.
    Оқыту әртүрлі бағыттағы мамандар арасында тәжірибе алмасуға, қоршаған орта факторларының денсаулыққа әсерін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға және кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік берді.
    Осындай оқыту іс-шаралары мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, ғылыми негізделген тәсілдерді тәжірибеге енгізуге және қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсерін төмендету арқылы халықтың, әсіресе балалардың денсаулығын қорғау жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары