Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар мен олардың жұбайлары тіркелгенге дейін мемлекеттік кірістер органдарына жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны (250.00-нысан) ұсынуға міндетті екенін хабарлайды.
Декларация кандидаттың және оның жұбайының тұрғылықты (болу) жері бойынша 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тапсырылады. Бұл тіркеу үшін міндетті шарт: мемлекеттік кірістер органдарының декларацияларды тапсырғаны туралы анықтамасы болмаса, кандидат тіркеле алмайды.
Декларацияда нені көрсету қажет
250.00-нысанда мыналар көрсетіледі:
- Шетелдегі мүлік, құқықтары мен мәмілелері шет мемлекетте мемлекеттік (немесе өзге де) тіркеуге жататын: жылжымайтын мүлік, жер учаскелері мен үлестер, әуе және теңіз кемелері, «өзен-теңіз» кемелері, көлік құралдары, арнайы техника, тіркемелер.
- Шетелдік банктік шоттардағы ақша, егер барлық шоттар бойынша жиынтық сома 1000 АЕК-тен асса (2026 жылы — 4 325 000 теңге).
- Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлердегі мүлік пен міндеттемелер, оның ішінде:
– тұрғын үй құрылысына қатысу үлестері;
– Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;
– бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары;
– цифрлық активтер, инвестициялық алтын;
– зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;
– 10 000 АЕК шегіндегі қолма-қол ақша (43 250 000 теңге);
– шетелдік брокерлік шоттардағы ақша;
– қалауы бойынша құны 1000 АЕК-тен асатын өзге мүлік (бағалау құны болған жағдайда);
– нотариалды түрде куәландырылған шартпен (жеке тұлғалар арасында), салыстыру актісімен және азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен (заңды тұлғамен немесе ЖК-мен, оның ішінде резидент емеспен) не заңды күшіне енген сот шешімімен расталған дебиторлық және кредиторлық берешек.
Маңызды: Банктік қарыз шарттары декларацияда көрсетілмейді.
Декларацияны қалай дайындау және тапсыру
Толтыру алдында растайтын құжаттарды алдын ала дайындау ұсынылады:
- Тәуелсіз бағалаушыдан бағалау жүргізу (құны 1000 АЕК-тен асатын өзге мүлік үшін);
- Қарыз шарттарын нотариалды түрде куәландыру (жеке тұлғалар арасындағы дебиторлық/кредиторлық берешек).
Мәліметтерді ресми ресурстарда өз бетінше тексеруге болады: бағалы қағаздар бойынша (Бағалы қағаздар орталық депозитарийі), тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттары бойынша, зияткерлік меншік объектілері бойынша (gosreestr.kazpatent.kz), жылжымайтын мүлік және заңды тұлғаларға қатысу бойынша (egov.kz), нотариалды куәландырылған қарыздар бойынша (нотариаттық палата).
Тапсыру тәсілдері:
- Электрондық түрде Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеуші кабинеті» веб-порталы (knp.kgd.gov.kz) арқылы ЭЦҚ пайдаланып;
- Қағаз түрінде жеке өзі мемлекеттік кірістер органдарына, Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) немесе пошта арқылы тапсырыс хатпен.
Толтыру кезінде кандидаттар мен олардың жұбайлары салық төлеушінің тиісті санатын (А ұяшығы) белгілейді.
Тексеру және жауапкершілік
Кандидат тіркелгеннен кейін мемлекеттік кірістер органдары 15 күн ішінде ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын тексереді. Кандидаттың немесе оның жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы дұрыс емес мәліметтер тіркеуді жоюға негіз болып табылады.
Декларацияны мұқият және толық толтырып, өткізіп жіберулер мен қателерге жол бермеу ұсынылады. Сұрақтар туындаған жағдайда 1414 байланыс орталығына немесе тұрғылықты жері бойынша салық органына жүгінуге болады.
Бұл талап жергілікті өкілді органдарды қалыптастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге және мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған. Декларацияны уақтылы және дұрыс тапсыру тіркеуге және сайлау науқанына қатысуға маңызды қадам болып табылады.









