Департамент басшысы Арман Ахметқалиев құттықтау сөз сөйледі. Ол 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдағанын атап өтті. Бұл — тәуелсіздікке бастар жолдағы алғашқы және ең маңызды қадам болды. Дәл сол күні халықтың өз болашағын дербес айқындау құқығы бекітіліп, егемендігіміздің іргетасы қаланды.
«Республика күні — мемлекеттілік, бірлік пен ұлттық рух мерекесі. Ол бізге ата-баба аманатына адал болуды, егемендікті көздің қарашығындай сақтауды және бірге Әділетті Қазақстанды құруды еске салады», — деп атап өтті басшы.
Арман Ахметқалиев мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Салық және кеден әкімшілігін жүргізу, бюджетке түсімдерді қамтамасыз ету және заңдылықты сақтау — елдің тұрақты дамуына және экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға қосылатын нақты үлес. Әрбір түсіндіру материалы, азаматтармен кездесу және «ашық есік күні» мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады.
Қорытындылай келе, басшы әріптестеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық және жұмыста табыс тіледі. «Қазақстанның көк байрағы әрдайым жоғары желбіресін! Ел бейбіт өмір сүрсін, халық бірлікте болсын!»
Республика күні құтты болсын!









