Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кез келген тауар сатып алғанда немесе қызметке төлем жасағанда сатушы міндетті түрде фискалдық чек (БКМ чегі) беруі тиіс екенін хабарлайды. Бұл қолма-қол ақшамен, картамен, QR-код арқылы және басқа да төлем тәсілдерімен есеп айырысуға қатысты.
Фискалдық чек — ресми құжат, ол:
- төлем жасалғанын растайды;
- сатып алушы ретінде құқықтарыңызды қорғайды;
- салық есебі үшін деректерді тіркейді.
2026 жылы чекте міндетті түрде болуы тиіс мәліметтер
Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы № 626 бұйрығына (өзгерістермен) сәйкес:
- салық төлеушінің атауы және ЖСН/БСН;
- БКМ пайдаланылатын орынның мекенжайы;
- БКМ зауыттық және тіркеу нөмірлері;
- чектің реттік нөмірі;
- тауар, жұмыс немесе қызмет атауы Ұлттық тауарлар каталогына (ҰТК) сәйкес;
- ҰТК бойынша тауардың сәйкестендіру коды (таңбалануға жататын тауарлар үшін — сәйкестендіру құралы туралы мәліметтер);
- саны, өлшем бірлігі, бір бірліктің бағасы, жалпы сомасы;
- операция күні мен уақыты;
- фискалдық белгі;
- ҚҚС сомасы мен ставкасы (егер сатушы ҚҚС төлеушісі болса);
- фискалдық деректер операторының (ФДО) атауы және штрих-код/QR (деректерді беру функциясы бар БКМ үшін).
2026 жылдан бастап жаңа талап — тауар атауы мен кодын ҰТК бойынша міндетті түрде көрсету.
Маңызды
Чек бермеу немесе міндетті реквизиттердің болмауы үшін:
- бірінші рет — ескерту;
- бір жыл ішінде қайталанса — айыппұл 20 / 30 / 40 АЕК (шамамен 86 500 / 129 750 / 173 000 ₸, бизнестің санатына байланысты).
Сатып алушыға не істеу керек
- Әрбір төлем кезінде чек талап етіңіз.
- Негізгі реквизиттер мен QR-кодтың болуын тексеріңіз.
- Чек берілмесе — мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болады (e-Otinish арқылы немесе жеке).
Адал бизнес фискалдық чек береді. Бұл — ашықтық және заңды сақтау.









