Жасөспірімнің қауіпті ықпалға түскенін дер кезінде қалай байқауға болады?

    1 / 7

    Жасөспірімнің қауіпті ықпалға түскенін дер кезінде қалай байқауға болады?

    27 қазанда Қостанай қаласында Қостанай облысының мектеп психологтарына арналған «Қауіпсіз орта: кәмелетке толмағандарға діни қысым көрсету мен манипуляциялық ықпал етудің алдын алудың заманауи әдістері» тақырыбында оқыту семинары өтті.

    Іс-шара Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының тапсырысы бойынша «Қостанай облысы психологтарының қауымдастығы» ҚҚ ұйымдастыруымен, кәмелетке толмағандар арасында діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында өткізілді.

    Семинарды сарапшы-психолог, дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, БҰҰ-ның тәуекел топтарын профильдеу мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшысы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының құрметті профессоры, отставкадағы ҚР ҰҚК подполковнигі Лола Сергеевна Шакимова жүргізді.

    Семинарда теориядан гөрі тәжірибеге басымдық берілді. Мамандар жасөспірімнің мінез-құлқындағы өзгерістерді қалай байқауға болатынын, қандай психологиялық ерекшеліктер оның осалдығын арттыратынын және қазіргі кезде кәмелетке толмағандарды, соның ішінде интернет пен компьютерлік ойындар арқылы қалай арбауға болатынын талқылады.

    Қатысушылар криминалдық профайлинг негіздерімен танысып, баламен тереңірек жұмыс істеу қажеттігін білдіретін мінез-құлықтық және вербалды емес белгілерге назар аударуды үйренді.

    Семинардың жеке бөлігі нақты жағдайларды талдауға арналды. Психологтар буллинг, жақын адамынан айырылу, отбасындағы күрделі қарым-қатынас, бала үшін беделді ересек адамның ықпалы және тыйым салынған интернет-ресурстарға кіру секілді қауіп факторлары кездесетін кейстермен жұмыс істеді. Әр жағдай бойынша баланың мінез-құлқындағы ықтимал өзгерістер анықталып, педагог-психологтің әрекет ету алгоритмі қарастырылды.

    Сондай-ақ мектеп психологі жұмысының тағы бір маңызды бағыты — күрделі және жанжалды жағдайларда ата-аналармен қарым-қатынас орнату мәселесі талқыланды. Мамандар диалогты сақтап қалу, эмоциялық шиеленісті төмендету және баланың мүддесін басты назарда ұстау тәсілдерін қарастырды.

    Мұндай білім күн сайын балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін аса маңызды. Психологтің міндеті — жекелеген белгілерге қарап балаға баға беру емес, алаңдатарлық өзгерістерді дер кезінде байқап, оның себептерін түсіну және көмек қажет болған сәтте жасөспірімді қиындықпен жалғыз қалдырмау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ" жаңалықтары