Алты жыл ішінде төрт адамның өміріне араша түскен Жезқазған қаласы Полиция басқармасының қызметкері Ахмет Балғабай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Он бес жылдан астам уақытын ішкі істер органдарындағы қызметке арнаған полиция капитаны талай мәрте өз өмірін қатерге тігіп, қиын сәтте көмекке мұқтаж жандарды ажалдан арашалап қалған.
6 сәуір. Кешкі сағат 22:27 шамасы. Жезқазған қаласындағы Раскова көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде адам өміріне қауіп төнгені туралы полицияға хабар түседі.
Оқиға орнына жеткен Ахмет Балғабай үшінші қабаттың терезесінен салбырап, аяғын екінші қабаттың жиегіне әрең тіреп тұрған ер адамды көреді. Бір сәттік қателік оның өмірін қиюы мүмкін еді.
Үшінші қабаттағы пәтердің есігін ешкім ашпаған соң, полицей уақыт жоғалтпай, екінші қабаттағы пәтер тұрғындарынан рұқсат сұрайды. Ішке кірген бойда ас үйдің терезесін ашып, қорғаныс торын алып тастайды. Сөйтіп, әріптесімен бірге ер адамды терезеден ішке тартып, аман алып қалады. Алайда бұл Ахмет Балғабайдың адам өмірін құтқарған алғашқы оқиғасы емес. 2020 жылдың мамыр айында ол криминалист ретінде кезекшілікте жүргенде Ғарышкерлер көшесіндегі көпқабатты үйдің төртінші қабатынан секірмек болған қызды құтқарған. Сол сәтте көрші пәтердің терезесінен шығып, ғимараттың сыртындағы кондиционердің үстімен жүріп өтіп, қызды құлап кетуден аман алып қалған. Биікте жасалған әр қадам қатерге толы еді. Соған қарамастан, тәртіп сақшысы өз басының қауіпсіздігінен бұрын адам өмірін ойлады.
Арада төрт жыл өткенде тағы бір жанның тағдырына араша түсті.
2024 жылғы 8 тамызда Ахмет Балғабай демалыста жүрген кезінде Сәтпаев көшесіндегі көпірден секірмек болған жас қызды байқайды. Көлігін дереу тоқтатып, қызбен тілдесе бастайды. Оны сабырға шақырып, біртіндеп жақындайды да, қолынан ұстап, қауіпсіз жерге шығарады. Ал 2026 жылғы 31 наурызда Бейбітшілік көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде өрт шыққанда, Ахмет Балғабай тағы да оқиға ортасынан табылды. Төртінші және бесінші қабаттарды жалын шарпығанына қарамастан, ол ғимарат ішіне кіріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға қатысады. Өрт ішінде қалып қойған ер адамды жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен бірге сыртқа алып шығады. Арада небәрі алты күн өткенде Раскова көшесіндегі оқиға орын алды. Бұл жолы да полицейдің дер кезінде қабылдаған шешімі адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Бірінде жалынмен бетпе-бет келді, енді бірінде биіктен құлау қаупіне қарамастан әрекет етті. Әр оқиғаның өз қиындығы, әр сәттің өз қатері болды. Бірақ бәрін біріктірген бір ғана мақсат бар еді. Ол — адам өмірін аман алып қалу.
Ахмет Балғабай өз әрекеттерін ерекше ерлік санамайды. Оның түсінігінде қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созу — полиция қызметкерінің міндеті әрі азаматтық борышы. Он бес жылдан астам уақытын ел тыныштығын қорғауға арнаған тәртіп сақшысының қызмет жолы осы ұстанымға негізделген. Адам өмірін бәрінен биік қойған полицейдің батылдығы мен жанқиярлығы «Ерлігі үшін» медалімен лайықты бағаланды.









