Ұлытау облысында Жезқазған қаласы Полиция басқармасының жас қызметкерлері мен «Жас сақшы» сыныбының оқушылары қалалық музейге барып, ел тарихы мен халқымыздың мәдени мұрасымен танысты.
Экскурсия барысында қатысушылар музей экспозицияларын аралап, туған өлкенің өткені туралы мағлұмат алды. Көне бұйымдар мен тарихи жәдігерлер арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігіне, ұрпақтан ұрпаққа жеткен мұрасына үңілді.
Танымдық шараның мақсаты — жастардың тарихи танымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарға құрметін арттыру. Елге қызмет ету жолын таңдаған жас мамандар мен мектеп оқушылары үшін туған жер тарихын білу — азаматтық жауапкершілікті сезінудің бір негізі.
Музейге сапар «Адал азамат» қағидаттарымен үндесіп, жастарды ел мұрасын қадірлеуге және оны сақтауға баулуға бағытталды.









