Бүгін Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловтың төрағалығымен азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін қысқы кезеңге дайындау мәселелеріне арналған Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Бейнебайланыс режимінде өткен отырысқа орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, өңір әкімдерінің орынбасарлары, ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің басшылары және мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында энергетика және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің дайындығы, автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қар құрсауы, қар көшкіні және мұз құбылыстарына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары қаралды.
Энергетикалық объектілердегі жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауға, халықты отынмен қамтамасыз етуге, жол қызметтері мен жылыту пункттерінің дайындығына, сондай-ақ ауа райы жағдайы күрделенген кезде ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қар басу қаупі бар автомобиль жолдарының учаскелерінде тұрақты ұялы байланысты қамтамасыз ету, иіс газынан уланудың алдын алу және су айдындарында профилактикалық іс-шараларды күшейту мәселелері талқыланды.
1 қарашадан бастап ТЖМ-нің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығы базасында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі жедел штаб жұмысын бастайды. Осындай штабтар еліміздің өңірлерінде де құрылады.
Отырыс қорытындысы бойынша қысқы кезеңнің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және ықтимал қауіп-қатерлерге уақтылы ден қою мақсатында мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жұмысының басым бағыттары айқындалды. Қысқы кезеңге дайындық мәселелері









