Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Әділ Оспанов өңірдің өнеркәсіптік нысандарын аралап, инвесторлармен жобаларды іске асыру мәселелерін және Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Инвестициялық жобаларды дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және әкімшілік кедергілерді жою Ақтөбе облысына жұмыс сапарының негізгі тақырыптарына айналды.
Сапар барысында Әділ Оспанов «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағындағы жобалардың іске асырылу барысымен танысып, өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік нысандарды аралады. Олардың қатарында «Аргест» ЖШС жел электр станциясының құрылыс алаңы мен «Қазхром» ТҰК» АҚ бар.
Ақтөбе станциясында «ПЗТМ LTD» ЖШС рельс дәнекерлеу кәсіпорнының құрылысына ерекше назар аударылды. Жоба аясында жылына 825 шақырымға дейін рельс өндіру және 300-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Өндірісті 2026 жылы іске қосу жоспарланған.
Сапар аясында Комитет төрағасының орынбасары облыс әкімдігі мен «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының басшылығымен кездесті. Тараптар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын, жер пайдалану мәселелерін және жаңа өндіріс орындарын орналастыру үшін арнайы экономикалық аймақтың шекараларын жетілдіру жолдарын талқылады.
Сондай-ақ Қытайдың іскерлік қоғамдастығымен ынтымақтастықты дамытуға да ерекше мән берілді. Комитет төрағасының орынбасары Қытай Халық Республикасының Бас консулы Го Юймен және Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлері қауымдастығының Ақтөбе филиалының төрағасы Гэ Хаофэймен кездесті.
Кездесу барысында өңірдегі инвестициялық бастамаларды іске асыру мақсатында өзекті мәселелер мен ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Комитет басшылығының өңірлерге жұмыс сапарлары инвесторлармен тікелей диалог орнатуға, туындаған мәселелерді уақтылы анықтауға және оларды шешу үшін мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге бағытталған.





