Оқу-ағарту министрі АҚШ-та үздік бестікке енген жас дроншыларды Астанада қарсы алды

    1 / 9

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жас ұрпақтың ғылым мен заманауи технологияларды меңгеруіне, инженерлік және инновациялық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында қазақстандық оқушылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуде.

    Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астана халықаралық әуежайында АҚШ-та өткен дрон спорты бойынша екі халықаралық жарыста үздік бестікке енген қазақстандық оқушыларды қарсы алды. Министр жас спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.

    12 жастағы Әлихан Нсанбаев Даллас қаласында өткен MultiGP World Championship 2026 әлем чемпионатында 44 елден қатысқан 830 спортшының арасынан бесінші орын иеленді. Ал Лонг-Бич қаласында өткен USA Drone Soccer International Cup 2026 турнирінде Қазақстан құрамасы 16 команданың арасында үздік бестікке енді. Ел намысын Орал және Атырау қалаларынан келген Наурызбек Есетов, Алдияр Бауыржан, Әлихан Нсанбаев және Альтаир Әбілғазиев қорғады.

    Жас спортшылар халықаралық жарыстарға қатысу жолдамаларын Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Aspandrone» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Dronly Ltd.» компаниясының қолдауымен ұйымдастырған Kazakhstan Drone Championship & Cup республикалық турнирінің қорытындысы бойынша иеленді. Аталған серіктестердің қолдауымен ұлттық құраманың халықаралық жарыстарға қатысуы қамтамасыз етілді.

    Кездесу барысында министр жас спортшылардың ата-аналары мен жаттықтырушылары Қайсар Есенғали, Андрей Тишин, Нұрбол Қырықбаев, Дидар Сахратов және Александр Шимановскийге алғыс білдіріп, балалардың техникалық шығармашылыққа қызығушылығын арттыру мен инженерлік қабілеттерін дамыту жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі" жаңалықтары