Қазақстан Республикасына кіруге арналған QazETA электрондық рұқсаты туралы

    1 / 2

    1. Нормативтік негіз

    2026 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстанға кіруге арналған алдын ала электрондық рұқсатты енгізуді көздейтін № 890 қаулыны қабылдады.

    Жаңа QazETA жүйесі Қазақстанға визасыз тәртіппен келетін шетел азаматтарына қолданылады және көші-қон рәсімдерін жеңілдетуге, шекаралық бақылауды жетілдіруге, сондай-ақ саяхатшылар үшін елге кіру тәртібін барынша ашық әрі қолайлы етуге бағытталған.

    Қаулының толық мәтіні:
    https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2600000890

    2. Электрондық рұқсатты енгізу кезеңдері

    QazETA электрондық рұқсат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі:

    • 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Ақтау халықаралық әуежайында және «Үрлітөбе», «Аухатты», «Атамекен» және «Нұрлы жол» автомобиль өткізу пункттерінде;

    • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Астана және Алматы халықаралық әуежайларында;

    • 2027 жылғы 1 наурыздан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық қалған өткізу пункттерінде;

    • 2027 жылғы 1 шілдеден бастап – қаулыда көзделген жағдайларда электрондық рұқсаттың болуы міндетті болады.

    Маңызды: 2026 жылғы 1 қарашадан бастап 2027 жылғы 30 маусымға дейін QazETA рұқсатын рәсімдеу ұсынымдық сипатта болады. Осы өтпелі кезеңде электрондық рұқсаттың болмауы өздігінен Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болмайды.

    2027 жылғы 1 шілдеден бастап электрондық рұқсат оны алудан босатылған адамдарды қоспағанда, белгіленген тәртіп қолданылатын шетел азаматтары үшін міндетті болады.

    3. Электрондық рұқсатты рәсімдеу тәртібі

    Өтініш Қазақстанға жоспарланған кіру күнінен кемінде 72 сағат бұрын QazETA мобильді қосымшасы арқылы беріледі. Қосымша App Store және Google Play платформаларында қолжетімді.

    Электрондық рұқсат:

    • тегін рәсімделеді;

    • 180 күнтізбелік күнге беріледі;

    • өтініште көрсетілген паспортқа байланыстырылады.

    Қазақстан шекарасынан өту кезінде өтініш беру барысында деректері көрсетілген сол жарамды паспортты ұсыну қажет.

    Электрондық рұқсаттың 180 күндік жарамдылық мерзімі шетел азаматына Қазақстан аумағында осы мерзімнің барлығында болуға құқық бермейді. Елде болудың рұқсат етілген мерзімі қолданыстағы визалық және көші-қон тәртібімен айқындалады.

    4. Таиланд Корольдігі азаматтарының Қазақстанға кіру тәртібі

    QazETA жүйесін енгізу Қазақстан мен Таиланд арасындағы қолданыстағы визасыз тәртіпті өзгертпейді.

    Таиланд Корольдігінің ұлттық паспорт иелері Қазақстан Республикасында бір сапар барысында 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз бола алады.

    2027 жылғы 1 шілдеден бастап белгіленген жеңілдіктерге жатпайтын Таиланд азаматтары Қазақстанға сапар алдында QazETA электрондық рұқсатын рәсімдеуі қажет.

    5. Электрондық рұқсат алудан босатылатын негізгі санаттар

    QazETA рәсімдеу талабынан, атап айтқанда, мына санаттар босатылады:

    • шет мемлекеттердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың басшылары мен олардың отбасы мүшелері;

    • ресми мемлекеттік және үкіметтік делегациялардың мүшелері;

    • дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері;

    • Қазақстан Республикасының жарамды визасы бар шетел азаматтары;

    • Қазақстанда уақытша тұруға рұқсаты немесе тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары;

    • 16 жасқа толмаған балалар;

    • 65 жастағы және одан асқан адамдар;

    • Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей, халықаралық әуежайдың транзиттік аймағында қалатын жолаушылар;

    • халықаралық көлік экипаждарының жекелеген мүшелері.

    Электрондық рұқсат алудан босатылатын адамдардың толық тізбесі № 890 қаулыда көрсетілген.

    6. Қосымша ақпарат

    QazETA рұқсатының болуы Қазақстанға кіруге автоматты түрде кепілдік бермейді. Қазақстан Республикасының шекара органдары заңнамада көзделген өзге де негіздер бойынша елге кіруден бас тарту құқығын сақтайды.

    Электрондық рұқсатты рәсімдеу шетел азаматтарын Қазақстанға кіру және ел аумағында болуға қатысты өзге талаптарды сақтау міндетінен босатпайды.

    Ресми сайт:
    https://qazeta.kz

    ETA рәсімдеу парақшасы:
    https://qazeta.kz/ru/eta

    Техникалық қолдау қызметі:
    [email protected]

    Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі Қазақстанға сапар жоспарлап отырған Таиланд азаматтары мен туристік компанияларға жаңа тәртіпті алдын ала ескеруді ұсынады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары