Қазақстан мен Таиланд сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті нығайтуда

    1 / 4

    Бангкок, 2026 жылғы 20 қазан – Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі «Қазақстан–Таиланд: жан-жақты әріптестік жолында» атты бизнес-конференция ұйымдастырды.

    Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, іскерлік қауымдастықтары мен компанияларының өкілдері қатысты. Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан, Таиланд Үкіметінің Сауда өкілі Верапонг Прапха, Таиландтың Сауда вице-министрі Кирида Бхаопичитр және Таиланд Сауда палатасы төрағасының орынбасары Висит Лимлурча құттықтау сөз сөйледі.

    Өз кезегінде Таиланд Үкіметінің Сауда өкілі Верапонг Прапха Қазақстан мен Таиландтың өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін зор мүмкіндіктерге ие екенін және екі елдің бір жағынан Орталық Азия мен Еуропаны, екінші жағынан Оңтүстік-Шығыс Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірін байланыстыратын стратегиялық көпір бола алатынын атап өтті. Оның пікірінше, екі елдің іскер топтарының бірлескен жұмысы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастырып, өзара сауданың одан әрі өсуіне ықпал етеді.

    Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Таиландтың Сауда вице-министрі Кирида Бхаопичитр Қазақстан халқын алдағы Республика күнімен құттықтады. Ол дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуының ерекше маңызын атап өтіп, екі ел экономикасының бірін-бірі толықтыратынын және сауда мен инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін айтты.

    Таиланд Сауда палатасының вице-төрағасы Висит Лимлурча тай бизнесінің Қазақстанмен сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға және екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін растады.

    Марғұлан Баймұхан екіжақты экономикалық байланыстардың оң серпінін атап өтті. 2025 жылы Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 8%-ға өсіп, шамамен 255 млн АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында бұл көрсеткіш 14,3%-ға ұлғайып, 182,3 млн АҚШ долларына жетті.

    Қазақстандық дипломат дәстүрлі саудадан өзара инвестицияларға, бірлескен өндіріске, технологиялар трансферіне және ұзақ мерзімді іскерлік әріптестікке көшу қажеттігін атап өтті.

    Таныстырылым барысында қазақстандық тарап елдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін, транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерін және шетелдік инвесторларды қолдау шараларын таныстырды. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерін қайта өңдеу, маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, туризм және қонақүй бизнесі ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде белгіленді.

    Қазақстан таиландтық компанияларға Орталық Азия мен Еуразия нарықтарына шығу үшін еліміздің өндірістік және логистикалық мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Қазақстанның ресурстары мен инфрақұрылымын Таиландтың технологиялық, өндірістік және басқарушылық тәжірибесімен ұштастыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

    Конференция аясында Silkway Trading компаниясының басқарушы директоры Асель Бекбаева Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, қазақстандық компанияларды тай бизнесімен сауда, өнеркәсіптік кооперация, логистика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты белсенді дамытуға шақырды.

    Қатысушылар бірлескен жобаларды пысықтауға және іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растады. 2027 жылы Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы және жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыру екі елдің жан-жақты әріптестігі мен экономикалық ынтымақтастығына жаңа серпін беретіні атап өтілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары