Пхукет аралында Қазақстанға арналған фотокөрме ашылды

    1 / 7

    Пхукет, 2026 жылғы 22 қазан – Пхукет аралында Қазақстанның мәдени мұрасына, табиғи алуан түрлілігіне және туристік әлеуетіне арналған «Ұлы далаға саяхат» атты фотокөрме өтті.

    Көрме Еліміздің Республика күніне орай ұйымдастырылып, Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында өткізілді. Іс-шара екі ел арасындағы достық қатынастарды айқындап, Астана мен Бангкок арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етуді мақсат етеді.

    Көрме қонақтары Қазақстанның асқар таулары мен көркем көлдерінен бастап, ұлан-ғайыр даласына дейінгі табиғи байлығымен, сондай-ақ тарихи көрікті жерлерімен, ұлттық дәстүрлерімен және қазақ халқының өзіндік мәдениетімен танысты.

    Іс-шараға Пхукет провинциясының мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпус пен туристік ұйымдардың өкілдері, іскерлік топтар, сондай-ақ Таиландтың оңтүстік өңірінде тұратын отандастарымыз қатысты.

    Көрме қонақтардың қызығушылығын тудырып, Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы пікір алмасуға арналған алаңға айналды. Қатысушылар мұндай бастамалардың Қазақстанның Таиландтағы танымалдығын арттырудағы, мәдени байланыстарды нығайтудағы және екі ел арасындағы туристік ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.

    Көрменің жалғасы ретінде ұйымдастырылған қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм тату қонақтарға ұлттық ас мәзірімен және қазақ халқының қонақжайлық дәстүрімен танысуға мүмкіндік берді.

    Қазақстан Республикасының Пхукет аралындағы Консулдығында ұйымдастырылған фотокөрме 2026 жылғы 6 қарашаға дейін келушілер үшін ашық болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары