Щучинск қаласында 35 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды

    1 / 13

    Республика күні қарсаңында Щучинск қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 35 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

    Бес қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Үйде барлығы 130 пәтер қарастырылған, оның 75-ін әкімдік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін сатып алған. Жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кезекте тұрған азаматтардың барлығына пәтерлерді беру жоспарланып отыр.

    «Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы тұрғын үй құрылысының қарқыны жағынан еліміздің солтүстік және орталық өңірлері арасында көшбасшылардың қатарынан көрінді. Өңірде 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, шамамен жеті мың отбасы баспаналы болды. Жыл басынан бері Көкшетау, Қосшы қалаларының, Аршалы, Бурабай, Бұланды, Егіндікөл, Зеренді және Сандықтау аудандарының тұрғындары жаңа пәтерлердің кілтін алды. Бүгін бұл игі дәстүр Щучинск қаласында жалғасын табуда.

    Мұндай нәтижелерге Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі түрде іске асырудың арқасында қол жеткізілді. Азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

    Әсет пен Әсел Оразалиндер отбасы үшін бұл күн ерекше қуанышты әрі көптен күткен сәтке айналды. Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр, олардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар бала. Отбасы тұрғын үй кезегінде жеті жыл тұрған. Енді олардың өз баспанасы бар.

    «Қуанышымызда шек жоқ, кешеден бері шаттығымыз қойнымызға сыймай жүр. Пәтер кең, жөндеу жұмыстары жақсы жасалған, бірден көшіп келіп тұруға болады. Аудан әкімдігі тоңазытқыш сыйлады. Көрсетілген көңіл мен қамқорлық үшін алғысымыз шексіз. Балаларымыз осы үйде бақытты, дені сау әрі аман-есен өсіп, ер жетеді деп сенеміз», – деп қуаныштарымен бөлісті жаңа пәтер иелері.

    Соңғы үш жылда Бурабай ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 500-ден астам отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін тағы 52 пәтер сатып алу жоспарланған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары