«OQ Startup»: шетелдегі жас отандастарға арналған байқау

    1 / 4

    «Отандастар қоры» шетелде тұратын жас отандастар мен этникалық қазақтардың перспективалы жобаларын қолдауға бағытталған «OQ Startup» шығармашылық байқауын өткізуде. Байқауға ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық әрі әлеуметтік бағыттар бойынша өз бастамаларын ұсынуға дайын 15 пен 30 жас аралығындағы жастар шақырылады.

    Байқау ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа, волонтерлік, шығармашылық және әлеуметтік бағыттардағы бастамаларды қолдауға арналған. Оның негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ жастарының авторлық жобаларын Қазақстанда таныту, қатысушылар арасында байланыс орнатуға ықпал ету және олардың шығармашылық әлеуетін қолдау.

    Байқауға шет мемлекеттердің азаматы болып табылатын 15 пен 30 жас аралығындағы этникалық қазақтар қатыса алады. Іске асырылып жатқан, жүзеге асырылуы басталған немесе алдағы уақытта іске қосу жоспарланған жобалар қабылданады.

    Қатысушы мына материалдарды ұсынуы қажет:

    • көлденең форматта түсірілген, ұзақтығы екі минуттан аспайтын MP4 немесе MOV форматындағы бейнеролик не 10 слайдтан аспайтын PPTX немесе PDF форматындағы таныстырылым;

    • жобаның атауы, өзектілігі, мақсаты, негізгі міндеттері, нысаналы аудиториясы, іске асыру тетігі мен мерзімі, күтілетін нәтижелері және қажетті ресурстары көрсетілген қысқаша PDF құжаты.

    Егер жобаны жүзеге асыру үшін қаржыландыру қажет болса, сұралатын сома мен шығыстардың егжей-тегжейлі сметасы ұсынылуы тиіс.

    Жұмыстар қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде қабылданады. Өтінімге қатысушының толық аты-жөні, азаматтығы, жасы, оқу орны мен оқу курсы туралы ақпарат қоса берілуі қажет.

    Жобаларды 2026 жылғы 30 қазанға дейін [email protected] электрондық поштасына жолдау қажет.

    Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға мынадай сыйлықтар табысталады:

    • І орын – ноутбук және диплом;

    • ІІ орын – планшет және диплом;

    • ІІІ орын – смарт-сағат және диплом;

    • ынталандыру сыйлығы – «Бестемше» ұлттық үстел ойыны және марапат.

    Қазылар алқасы жеңімпаздарды өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін 30 күн ішінде анықтайды.

    Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі Таиландта тұратын жас отандастарымызды байқауға қатысып, өз идеялары мен жобаларын ұсынуға шақырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары