ТАРБАҒАТАЙЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР ОБЛЫСТЫҚ АЙТЫСТА ТОП ЖАРДЫ!

    1 / 2
    ТАРБАҒАТАЙЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР ОБЛЫСТЫҚ АЙТЫСТА ТОП ЖАРДЫ!
    Республика күні қарсаңында Тарбағатай ауданының жас ақындары сүйінші жаңалықпен қуантты! Облыстық «Жырың болып төгілемін» атты оқушылар айтысында тарбағатайлық талапкерлер суырыпсалмалық өнерімен дараланып, жүлделі орындарға ие болды.
    🏆 Бас жүлде – Мағжан Ержанұлы!
    Тарбағатайдың талантты ұлы облыстың жас жүйріктері арасынан оза шауып, айтыстың ең жоғары марапатын иеленді. Нәтижесінде Мағжан республикалық «Қола домбыра» айтысына жолдама алды.
    🥉 ІІІ орын – Айгүл Дашынқызы!
    Маңырақ ауылының мақтанышы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Маңырақ мектебінің оқушысы облыстық додада үздіктер қатарынан көрінді.
    🌟 Арнайы жүлде – Расул Қайратұлы!
    Жетіарал ауылының жас ақыны, Жетіарал орта мектебінің оқушысы да өз өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
    Бұл жеңістер – Тарбағатай топырағында сөз өнерінің тамыры тереңде жатқанын, ұлттық руханияттың жас буынмен бірге жалғасып келе жатқанын айғақтайтын жарқын жетістік.
    Айтыс – ақыл мен алғырлықтың, білім мен тапқырлықтың, шешендік пен суырыпсалмалықтың сынға түсетін қасиетті өнері. Осындай өнердің өрісін кеңейтіп, жас талапкерлердің талабын шыңдап жүрген Ержан Әділбеков пен Ринат Қожахметовтің еңбегі ерекше құрметке лайық. Шәкірттерінің облыстық деңгейде топ жарып, республикалық додаға жолдама алуы – ұстаз еңбегінің жемісі.
    Тарбағатай – талай тарланның қанатын қатайтып, жыр мен сөздің қадірін ұрпақтан ұрпаққа аманат еткен қасиетті өлке. Бүгінгі жас ақындардың жеңісі – сол дәстүрдің үзілмегенінің дәлелі.
    Жас жүйріктеріміздің алар асуы әлі алда! Мағжанға республикалық айтыста сәттілік тілейміз! Айгүл мен Расулдың да өнер жолындағы қадамдары нық, шабыттары шалқар болсын!
    Жас таланттардың жеңісі – Тарбағатайдың мерейі, елдің қуанышы!
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары