Алматы, 2026 жылғы 23 қазан. Республика күні қарсаңында Алматы қаласының Наурызбай ауданында жалпы сыйымдылығы 880 орындық үш жаңа мемлекеттік балабақша ашылды. Жаңа мектепке дейінгі ұйымдар қаланың қарқынды дамып келе жатқан шағынаудандарында тұратын тұрғындар үшін мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, Құрамыс шағынауданында 320 орындық (13 топ) №203 бөбекжай-балабақша, «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінде 320 орындық (16 топ) №204 бөбекжай-балабақша және Достық шағынауданында 240 орындық (10 топ) №207 бөбекжай-балабақша өз жұмысын бастады.
Жаңа нысандардың ашылуы Наурызбай ауданы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені ауданда тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуі мен халық санының өсуіне байланысты мектепке дейінгі ұйымдардағы қосымша орындарға деген сұраныс әлі де жоғары.
Балабақшалар желісін дамыту – Алматы қаласының әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайту және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізілуде.
2026 жылдың басынан бері Алматыда 60 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылды. Оның ішінде 1 890 орындық 9 мемлекеттік балабақша және жеке инвестициялар есебінен 3 361 орындық 51 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым бар. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған жекеменшік балабақшаларды кеңейту нәтижесінде қосымша 723 орын ашылды.
Жаңа нысандар салумен қатар, қалада қолданыстағы мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын тиімді пайдалану, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және мектепке дейінгі білім беру саласын дамытуға жеке секторды тарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін №81, 37, 168, 89 және 10 мемлекеттік балабақшалары қайтадан жұмысын бастады.
Сонымен бірге Алматының қарқынды дамуын, демографиялық өсімді және тұрғын үй алаптарының кеңеюін ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша орындар ашу қажеттілігі әлі де өзекті болып отыр.
Әзірленген қажеттілік картасына сәйкес, 2030 жылға дейін қалада жалпы жобалық қуаты 16 200 орындық тағы 48 балабақша салу қажет. Аталған нысандарға арналған жер учаскелері Алматы қаласының Бас жоспарында қарастырылған. Алдағы жылға бірінші кезекте 18 балабақша салу қажеттілігі айқындалды.
Жаңа нысандарды жоспарлау барысында халық саны қарқынды өсіп, тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізіліп жатқан аудандарға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта жаңа мектепке дейінгі ұйымдардың құрылысына арналған жер учаскелерін анықтау және дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Балабақшалар желісін кеңейту жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, мемлекеттік нысандар салу, жеке инвестицияларды тарту, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және қолданыстағы мекемелерді жаңғырту бағыттары қатар қамтылған.
Республика күні қарсаңында үш жаңа мемлекеттік балабақшаның ашылуы балаларды қолжетімді мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Алматыда қосымша орындар ашу және заманауи мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары халықтың қажеттіліктері мен қаланың даму перспективаларын ескере отырып, алдағы уақытта да жалғасады.








