Алматы қаласындағы №174 мектеп-гимназиясында қалдықтарды қайта өңдеу және оларды тиімді пайдалану мәселелеріне арналған «Қалдықтан құндылыққа» атты қалалық эко-смарт форум өтті. Форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Оқушылар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және STEAM тәсілдерін қолдану арқылы әзірленген экологиялық жобаларын таныстырды. Іс-шараға білім беру саласының өкілдері, ғалымдар мен педагогтер қатысты.
ECO Smart Expo көрмесінде қалдықтарды қайта өңдеу мен табиғи ресурстарды үнемдеуге бағытталған жобалар ұсынылды. Олардың қатарында қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдар, табиғи өсімдік компоненттерінен дайындалған экологиялық сабын және «Ақылды жылыжай» жобасы бар.
Сонымен қатар оқушылар күн панельдерін, ақылды суару және жаңбыр суын жинау жүйелерін, «Жасыл қала» мен «Ақылды мектеп» макеттерін көпшілік назарына ұсынды.
Пленарлық сессия барысында педагогтер мен оқушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, цифрлық технологияларды қолдану және экодизайн бағыттары бойынша өзара тәжірибе алмасты.
«Таза Қазақстан» бастамасының білім беру саласындағы маңызды міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру және күнделікті өмірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Оқушылардың экологиялық жобалары осы міндетті нақты істер арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Балалар алған білімдерін тәжірибеде қолдануды, қалдықтарды қайта өңдеуді, су мен электр энергиясын үнемдеуді үйреніп, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосуда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








