Елордада ауқымды алаяқтық жасады деп айыпталған 7 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 4 жыл бойы азаматтарды жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана алуға, сондай-ақ тиімді шарттармен несие және қаржыландыру рәсімдеуге көмектесеміз деген желеумен алдап келген.
Қылмыстық әрекеттеріне заңды сипат беру мақсатында күдіктілер кеңсе үй-жайларын жалға алып, коммерциялық ұйымдар құрған, қызмет көрсету туралы шарттар жасасып, кепілдік хаттар рәсімдеген.
Сонымен қатар, олар азаматтардың сеніміне кіру үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда ықпалды байланыстары бар екеніне сендірген.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан 51 азамат зардап шекті, келтірілген жалпы материалдық залал 413 млн теңгеден асты.
Айыпталушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша, атап айтқанда, 190-бабының 4-бөлігі (қылмыстық топ жасаған, ірі және аса ірі мөлшердегі алаяқтық) және 262-бабы (ұйымдасқан топты құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) бойынша сараланды.
Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Астана қаласының прокуратурасы




