Республика күні қарсаңында Бурабай ауданының Успеноюрьевка ауылында бес мекемені біріктірген жаңа әкімшілік ғимарат ашылды. Мұнда ауылдық әкімдік, медициналық және ветеринариялық пункттер, полиция пункті мен өрт сөндіру қызметі орналасқан. Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Енді ауыл тұрғындары қажетті қызметтерді бір жерден алып, әртүрлі мекемелерге баруға уақыт жұмсамайды. Жаңа ғимараттың ашылуы, әсіресе, медициналық пункт үшін маңызды. Бұған дейін науқастар тиісті талаптарға сай келмейтін бейімделген ғимаратта қабылданатын. Енді медицина қызметкерлері тұрғындарды қабылдауға және оларға көмек көрсетуге қолайлы жағдайға ие болды.
«Ең бастысы – адамдарға қолайлы жағдай жасау. Енді тұрғындар бір ғимараттан барлық қажетті көмекті алып, бір жерден екінші жерге баруға уақыт жоғалтпайды. Мұндай жағдай жасау – ең алдымен, халыққа және оның өмір сүру сапасына деген қамқорлық», – деді Марат Ахметжанов. Сондай-ақ облыс әкімі полиция пунктіне арналған екі автокөліктің кілтін табыстады.
Ауыл тұрғындары да жаңа ғимараттың қолайлылығын атап өтті. Енді медициналық көмек көрсетуден бастап, қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне дейінгі күнделікті қажетті қызметтер бір шаңырақ астында шоғырланған.
Жұмыс сапары аясында Марат Ахметжанов Щучинск қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына да барды. Өңір басшысы ардагерлерді келе жатқан мерекемен құттықтап, орталыққа келушілермен әңгімелесті. Сонымен қатар аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына, қабілеттерін дамытуына және ортақ қызығушылықтары бар жандармен араласуына мүмкіндік беретін шығармашылық және бос уақытты ұйымдастыру үйірмелерінің жұмысымен танысты.








