Өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешені: Ақмола және Ленинград облыстары ынтымақтастықты дамытады

    1 / 7

    Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Ресей Федерациясының Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өңіраралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат іскерлік байланыстарды дамытуға, тәжірибе алмасуға және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика мен басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған. Құжатқа Астана қаласында екі өңір өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел аясында қол қойылды.

    Кездесу барысында тараптар сауда байланыстарын кеңейту, өндірістік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Әсіресе агроөнеркәсіп кешеніне, машина жасау саласына және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық берілді.

    Марат Ахметжанов Ақмола облысының Ленинград облысымен әріптестікті нығайтуға және кәсіпорындар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

    «Біздің мақсатымыз – өңірлеріміздің кәсіпорындарына сенімді серіктестер табуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретін нақты жобаларды жүзеге асыру. Агроөнеркәсіп кешенінде бұл – астық пен майлы дақылдарды терең өңдеу, ұн және құрама жем өндіру. Ал өнеркәсіп саласында машина жасау бағытындағы кооперацияны дамыту, қосалқы бөлшектер жеткізу, технологиялар алмасу және өндірісті оқшаулау маңызды. Келісімдеріміз нақты жобаларға ұласып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуі керек», – деді облыс әкімі.

    Александр Дрозденко екі өңірдің де агроөнеркәсіп кешені жақсы дамығанын және өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге әлеуеті зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық экономиканың түрлі салаларын қамтып, іскерлік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

    «Ақмола және Ленинград облыстарының ортақ тұстары көп. Екі өңір де агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп және экономиканың басқа да салаларында елеулі әлеуетке ие. Тәжірибе алмасу, іскерлік байланыстарды дамыту және перспективалы бастамаларды бірлесіп пысықтау әріптестігімізді нығайтып, екі өңірдің кәсіпорындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін», – деді губернатор.

    Дөңгелек үстелге қатысушылар білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ жастар алмасуын дамыту перспективаларын да талқылады.

    Қол қойылған меморандум өзара тиімді байланыстарды дамытуға, іскер топтар мен мүдделі ұйымдар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, бірлескен іс-шаралар өткізуге және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

    Алдағы уақытта тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындау және екі өңір арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды пысықтау жұмыстарын жалғастырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары