Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі өтуде. Ұлттық саятшылық өнерді дәріптейтін додаға 50 қатысушы жиналды. Турнир 22 қазанға дейін жалғасады.
Жарысқа Қазақстанның тоғыз өңірінен, сондай-ақ Түркия, Ресей және Моңғолиядан келген құсбегілер қатысуда. Атап айтқанда, Жетісу, Алматы, Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола және Жамбыл облыстарының, Шымкент пен Астана қалаларының өкілдері бақ сынауда.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа 49 бүркіт, 15 ителгі және 10 қаршыға қатыстырылған. Бүгін бүркіттер арасындағы сайыс өтсе, ертең ителгі мен қаршыға бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылады.
Турнирдің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтау, қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнерін дамыту және оны халықаралық деңгейде насихаттау. Қатысушылар қыран құстарды баптау шеберлігін көрсетіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.
Жарысқа Ресейдің Алтай өңірінен келген қазақ жігіті де қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оның ата-бабалары құсбегілік өнерімен айналысқан. Бұл ұлттық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсетеді.
Биылғы турнир Мәсіп Батырханұлының есімін ұлықтауға арналған. Сонымен қатар Айдарлы ауылының таңдалуы да ерекше мәнге ие. Өңір тарихы саятшылық өнерімен танылған Дүйсен би Есенберліұлының есімімен байланысты. Ел жадында сақталған Дүйсен би мен оның Алабас атты бүркіті туралы аңыздар қазақ халқының қыран құстарға деген құрметін айқындайды.
Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық мұраны дәріптеп, құсбегілік өнердің бай тәжірибесін бөлісуге және дәстүрлі саятшылықтың маңызын кеңінен танытуға бағытталған.









